ул. Мынбаева, дом 102
Алматы, Казахстан.

lyceumturan@rambler.ru
+7 (727) 392-87-50
392-87-51, 392-87-48

«ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ САБАҒЫНДА «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН МЕТАПӘНДІК ОҚЫТУ АРҚЫЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ»

«ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ САБАҒЫНДА  «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН МЕТАПӘНДІК ОҚЫТУ АРҚЫЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ»

 

14 желтоқсанда мектебімізде «Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында  «Рухани жаңғыру» құндылықтарын метапәндік оқыту арқылы жүзеге асыру» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған қалалық ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

Теориялық блокта Ермуханова З.А. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында метапәндік оқыту арқылы оқушының коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру», Алтынбекова А.С. «Эвристикалық тапсырмалар арқылы оқушылардың негізгі құзіреттіліктерін  дамыту» тақырыбында баяндама оқыды. Өз баяндамаларында  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, жаңартылған білім беру мен метапәндік оқытуды ұштастыра отырып оқушылардың негізгі құзіреттіліктерін дамыту, білімді, жігерлі, сапалы білім алған, құзыретті, бәсекелестікке қабілетті тұлға қалыптастыруда метапәндік оқытудың, эвристикалық тапсырмаларды пайдаланудың тиімділігі айтылды.

Практикалық блокта мұғалімдер метапәндік сабақ өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. 11 «А» сыныбында Ермуханова З.А. «Экологиялық сауаттылық-заман талабы» тақырыбына метапәндік сабақ өткізді. Ұйымдастыру кезеңінде оқушыларға  жағымды эмоциялық жағдай жасау арқылы олардың өз-өзіне   сенімділігін арттырды. Видеокөріністі көріп, оқушылыр  сабақтың тақырыбын болжап айтты, әр оқушы өз алдына  қолжетімді мақсат қойды. Мұғалім сабақта  миға шабуыл, жоба жұмысы, клоуз тест , «Сен білесің бе …», «Егер мен … », метапәндік тапсырма, эвристикалық сұрақ, жағдаят, үлгімен салыстыру, «Құнды пікір»  әдіс- тәсілдерін  қолданып, оқушылардың  метапәндік нәтижеге жетуіне  мүмкіндік  туғызды. «Аяқталмаған сөйлемдер» әдісі көмегімен балалар сабақтағы жетістіктерімен бөлісті. Оқушылардың ойлау, есте сақтау қабілеттері ескеріліп, сабақтың әр кезеңінде қызығушылығын ояту, сөздік қорын молайту, коммуникативтік құзіреттілігін қалыптастыру, белсенділігін арттыру  көзделді.

7 «А» сыныбында Ильбитаева А.Ж. «Ұлы дала өркениеті» тақырыбында метапәндік сабақ  өткізді. Балалар «25 кадр» тәсілі арқылы сабақтың тақырыбын анықтап, өз алдарына мақсат қойды. Оқушылар эвристикалық тапсырманы орындап, жұппен, топпен жұмыс барысында өздері мәтін құрастырды, мәтін бойынша кешенді тапсырмалар орындап, өз пікірлері мен дәлелдерін келтірді. Сабақ соңында балалардың жұмысы лайк-дауыстарымен бағаланды.

Семинардың қорытындысы ретінде қазақ тілі кафедрасы мұғалімдерінің жетекшілігімен Мұзафар Әлімбаевтің 95 жылдығына арналған «Бала деп соққан жүрек» атты әдеби-сазды кеш өтті. М. Әлімбаев-Қазақстанның халық жазушысы, балалар әдебиетінің классигі, «Балдырған» журналының негізін қалаушы, «Халық – ғажап тәлімгер» (1977 ж.), «Тәрбие туралы әңгімелер» (1972 ж.), «Жүрек лүпілі» (1980 ж.) кітаптарының авторы. Кеште оқушылар М. Әлімбаевтың «Ана» (Кляхина Н., 10 «А»),  «Жан сырымды көрінгенге шертем бе» (Тохтарова Д., 9 «А»), «Бала жылдармен сырласу» (Алишпанова А., 6 «А»), «Менің жастық жылдарым» ( Герасимов Д., 5 «А»), «Ақын» (Жанабеков А ., 5 «В») т.б. өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермендерді сүйсіндірді. Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Садық Мұхамеджанов, Нұрғиса Тілендиев, Евгений Брусиловский сияқты танымал сазгерлер М. Әлімбаевтың өлеңдеріне ән жазған.  Жаныңды әсем күйге бөлейтін “Ақмаңдайлым”  әніне 9-11 сынып оқушылары тербеле вальс билесе, «Ақтамақ» әніне 5-сынып қыздары мың бұрала қазақ биін биледі.

11 «А» сынып оқушысы Жакамбаева Жасминель «Бесік жыры», 7 «А» сынып оқушысы Сотникова Лиза «Соғыстан кейінгі ән, 5-сынып оқушыларынан құрылған вокалдық топ «Алматы кешінде» әндерін нақышына келтіре орындады.  Жоғары сынып оқушылары М.Әлімбаевтің тарихи оқиғаға негізделген «Естай-Қорлан», «Ту тіккен»  поэмаларынан қойылым көрсетті. Балалар көрермен есінде қаларлықтай өз рөлдерін жоғары деңгейде ойнап шықты. Кеш барысында М.Әлімбаевтың балалар әдебиетіне зор үлес қосқаны, республикалық «Балдырған» журналының 30 жылға жуық бас редакторы болғаны, Қазақстан Республикасының тұңғыш әнұраны авторларының бірі екені, халық ауыз әдебиетінің бай мұрасы – мақал-мәтелдерді жинаумен қатар, өзге халықтардың мақал-мәтелдерін қазақ тіліне аударғаны ерекше  аталып өтті. Әдеби-сазды кеш қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлады.

Қалалық ғылыми-әдістемелік семинар соңында ҚББЖТҒӘО әдіскері        Мадалимова К.К. мұғалімдер үшін семинардың өзектілігі мен пайдасын атап өтіп, «Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында  «Рухани жаңғыру» құндылықтарын метапәндік оқыту арқылы жүзеге асыру» тақырыбымен тамыз кеңесінің бір секциясына  жетекшілік ету туралы ұсыныс жасады. Келген қонақтар алған әсерлерімен бөлісіп, өз пікірлерін жазбаша білдірді.

Пікірлер:

… «Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында  «Рухани жаңғыру» құндылықтарын метапәндік оқыту арқылы жүзеге асыру» атты қалалық ғылыми-әдістемелік семинар өте жоғары деңгейде өтті. Теория және практика жүзінде берілген ақпараттарыңыз өте құнды. 11 сыныпта өтілген «Экологиялық сауаттылық-заман талабы» тақырыбындағы Ермуханова З.А. сабағы қызықты және өнімді өтті. Оқушылардың сөйлеу тілдері мен дайындығы, мұғалімнің жаңашылдығы өте жақсы.

Байконырова Айжан Сагидолдаевна,

Түрксіб ауданы, № 50 ЖББМ

…  Зауреш апайдың оқушылары тек қазақша сөйлеп қана қоймай, басқа да пәндерден терең білімдерін көрсетті. Апайдан үйренерім көп.

Оскенбаева Шынар Куралаевна,

Бостандық ауданы, № 51 ЖББМ

 

… «Метапәндік оқыту арқылы оқушының коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру» және  «Эвристикалық тапсырмалар арқылы оқушылардың негізгі құзіреттіліктерін  дамыту» тақырыбына арналған теориялық блок тартымды ұйымдастырылған. Ермуханова З.А. мен Алтынбекова А.С., ұстаздарға көп рақмет!

Рахымбаева Калимаш Кыдырмолдиновна,

Бостандық ауданы, № 73 мектеп-гимназия

 

… Балалардың қазақ тілін толықтай меңгергені көрініп тұр. Мен өзім жас маманмын. Үйреніп, білгенім көп болды. Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында «Рухани жаңғыру» құндылықтарын метапәндік оқыту арқылы жүзеге асырды. Осы көрсеткен тәсілдерді біз өз мектебімізде жүзеге асырамыз.

                   Тойғанбек Рауан Нұрақынұлы,

Медеу ауданы, № 48 мектеп-лицей

… Теория мен практиканы ұштастырып өте керемет семинар өткіздіңіздер!

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген М. Әлімбаевтың әдеби кеші өте жоғары деңгейде өтті.

Қуындық Эльвира Темірбекқызы,

Медеу ауданы, № 197 ЖББМ

 

… Әсіресе маған ұнағаны ашық сабақ пен теориялық лекция болды. Балалар қазақша тамаша, анық, жақсы сөйледі. Тіл мамандарын, әкімшілікке көп рақмет!

Шулгауова Гулжазира Байсултановна,

Әуезов ауданы, № 28 мектеп-лицей

… Орыс мектептеріндегі қазақ тілін меңгертудегі әдіс-тәсілдерін өте оңтайлы таңдап алынып, тиімді қолданған. Мұғалімдер тек тілді меңгертіп қана қоймай, бала бойына қазақи тәрбиенің бір ұшқынын болса да сіңіре білген!

Мамырбаева Манар Жамбуловна,

Медеу ауданы, № 30 мектеп-гимназия

…Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған қалалық ғылыми-әдістемелік семинар жоғары деңгейде өтті. Метапәндік оқыту бойынша өзіме керегін алдым. Әсіресе, Зауреш Ашимовнаға алғысым шексіз!

Оразбекова Айгерім Аблаевна,

Алмалы ауданы, № 36 гимназия